«Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана » ШЖҚ МКК

Өткен күндер естелігі

1869 жылы Талдықорған қыстауының орнына Гавриловка селосы бой көтерді. Ал 1920 жылы осы Гавриловка селосында емдеу мекемесінің негізі қаланған еді. Бұл мекеме бүгін Талдықорған қаласы Облыстық ауруханасы. Кішкентай ғана ауруханада бастапқыда 2 дәрігер және 10 орта буын медицина қызметкері жұмыс істеген. Шағын  ғана барак іспеттес ауруханада қарапайым тұрмыстық жағдай да жасалмаған еді. Сонда да халық денсаулығы, игілі үшін қызмет атқарған ақ халаттылар ешбір қиындыққа мойымай ісіне адал болды. 1922 жылы Қапал уезінің орталығы болып, қайтадан Талдықорған аталады. 1944 жылы Талдықорған облысы болып қалыптасқаннан кейін бұл емдеу мекемесі кеңейіп, құрамында хирургиялық, терапевттік, инфекциондық және балалар бөлімдері қызметке кірісті.

1957 жылы аурухана жаңа ғимаратқа көшеді. Осымен емдеу мекемесінің жұмысында жаңа кезең басталды. Жаңа ғимаратта көз ауруларын емдейтін, неврологиялық, отоларингологиялық және травматологиялық бөлімдер ашылды.  Ауыл халықына көмек көрсету үшін консультативті-диагностикалық емхана жұмысын бастады.  Соғыстан кейінгі уақытта Республика бойынша халық денсаулық сақтау ісіне ерекше көңіл бөлініп, мықты мамандар базасы қалыптасты. Сондай өз ісінің шебер дәрігерлері осы ауруханада да қызмет атқарды.

Жетпісінші жылдарда Талдықорған қаласында аккумулятор зауыты, және басқа да шағын кәсіпорындар іске қосылды. Осыған орай, қала халқы саны өсіп, облыс жұртшылығына сапалы медициналық көмек көрсететін жаңа ауруханалық комплекс салу қолға алынды. Облыстық аурухананың медициналық қызметі тағы кеңейе түсті. Урология, нейрохирургия, эндокринология, анестезиология және реанимация, диагностика және қалыпқа келтіру терапия бөлімдері ашылды.

1976  жылы Ескелді би көшесі № 283 мекен жайы бойынша  салынған  мекемеде орналасқан. Жалпы көлемі: 65761 кв.метр.  1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында әлеуметтік гигиена институты  және Семашко атындағы денсаулық сақтау басқармасы ұйымының басшылығымен  ауруханада  басқарудың жаңа формаларын енгізу, жоспарлау және медициналық мекемелерді қаржыландыру  бойынша тәжірибе жүргізіледі.

Осы уақытта жұмыстың бригадалық формалары және соңғы нәтиже бойынша қызметті бағалау түрі енгізілген болатын. Ауруханада медициналық қызметті басқаруды автоматтандыру жүйесін құру, енгізу және қолдану тәжірибесі жинақталды. Тәжірибенің бірқатар көрсеткіштерін денсаулық саласын нарықтық негізге көшіру ісінде қолданды.

Әрбір мекемеде басшының орны ерекше. Медициналық мекемеде бас дәрігер болу үлкен жауапкершілік. Аурухананың жұмысы, медициналық қызметтің сапалығы, қызметкерлердің біліктілігі бас маманға байланысты болады. Алматы облыстық ауруханасында бас дәрігер сан мәрте ауысты. Әрине, ең қиын кезең аурухананың қалыптасу кезеңіне келді. Алғашқы бас дәрігерлер –аурухананың сапалы медициналық мекеме ретінде қалыптастыруына ерекше үлес
қосқандар. Одан кейінгі буын бас дәрігерлер мақсаты –аға буынның еңбегін жалғастыру, жаңа буын мамандарды дайындау. Облыстық аурухананы әр кезде медициналық білімі мол, біліктілігі жоғары мамандар басқарды.
1976 – 1979 жылдар аралығында Талдықорған қаласы МҚК «Облыстық аурухананың» бірінші бас дәрігері Ахметжанов Шәйкен Ахметжанұлы болды. Жетісу өңірінің тұрғындарына медициналық көмек көрсетудегі облыстық аурухана болуына себепкер Шәйкен Ахметжанұлының еңбегі зор. Сонымен қатар оның ұсынысы бойынша бұл ауруханада урология, нейрохирургия, реанимация және оториноларингология бөлімшелері ашылды. Бұл бүгінгі ауруханының білікті мамандары бар көпсалалы медициналық көмек көрсететін клиникаға жетудің алғышарттары еді.

1979-1988 жылдар аралығында облыстық аурухананы Пьянов Юрий Васильевич басқарды. Ол басшылық еткен уақытта ауруханалық көмек те, мамандар біліктілігі сапасы жоғары деңгейге жетті. Ал жалпы Қазақстан халқы үшін қиын кезеңдер болған уақытта ауруханаға  Сыдықов Шаймерден Сыдықұлы басшылық етті. Ол бас дәрігер болған 1989-2002 жылдар аралығында нарықтық экономика қиын заманнан өткізуіне себепкер, ұйымдастырушы, облыстағы ірі медициналық орталық деңгейін көтерген Шаймерден Сыдықұлының үлесі зор. Сол кезде облыстық ауруханада 42 дәрігердің ішінде 33-і жоғарғы санатты мамандар болған. 2002-2005 жылдары бас дәрігер Жансенгиров Тлеуберді Максимұлы болды. Қазіргі уақытта МҚК «Қалалық емхана» басшысы қызметін атқарады. 2005-2008 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласының дарынды ұйымдастырушыларының бірі бас дәрігер Мейірбеков Маралбек Блісбекұлы басшылық етті. Ал 2008-2010 жылдары Сансызбаев Тұрлыбек Жоламанұлы бас дәрігер қызметін атқарды. 2011-2020 жылдары Рахметов Мұрат Көмекұлы директор қызметін атқарды. 2021 жылдың басында директор қызметіндегі жұмысты  Монгол Анарбек бастады.

Бас дәрігерлермен қатар облыстың денсаулық сақтау саласына ерен еңбек еткен  аты аңызға айналған дәрігерлер жұмыс істеді. Олар: П.И.Дутова, С.А.Абдрахманова, В.А.Филиппов, Э.К.Полле, А.Килыбаев, В.Ф.Язвинский, З.Н.Андрюшенко, Г.Г.Зитле, М.А.Баймухамбетов, Е.М.Ким, В.А.Веремей, П.И.Дятьков, Д.А.Смеянов, В.И.Корнеев, Г.Г.Ходыкин, Б.М.Шевченко, Ф.С.Мазурок, А.И.Избасаров, А.Н.Нугманов, Л.П.Мазурок, Г.З.Попов, А.С.Абдухалыков, Е.М.Волкова, Е.С.Ерыгина, Л.П.Козловская, З.В.Гарань және тағы басқалары. Бүгін осы білікті мамандардан тәлім алған дәрігерлер өздері аға буынға айналып, жастарға білген-көргенін үйретіп, ауруханадағы ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда.

Бүгінгінің бастамасы

Тоқсан бес жылдық тарихы бар Талдықорған қаласы «Облыстық ауруханасында» талай  талай өзгерістер болды. Уақыт талабына сай жаңашылдыққа бет бұрды, жаңа заман –жаңа жабдықтар, жаңа диагностика. Аурухананың техникалық базасы да бірте-бірте жаңартылып жатыр.

Тарихы сонау 1920 жылдан басталған медициналық мекемеде  бүгін 495 адам жұмыс істейтін, мамандандырылған, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мекеме.  2015 жылы бұл аурухананың негізі қаланғанына 95 жылдық аталып өтті .Осы уақыттың ішінде адам денсаулығының арашашасы ретінде аурухана қызметкерлері Алматы облысы тұрғындарын емдеуде өз үлестерін молынан қосып, сондай-ақ бұл ұжым медициналық көмек көрсету саласында өзіндік дәстүрі бар ұжым болып қалыптасты. Мамандардың кәсіби дәрежесін барынша жетілдіру мен заманауи құрал-жабдықтарды өзімізге тарту жұмыстары аурухана әкімшілігі тарапынан кеңінен жүргізіліп келеді.

2011 жылдың 29 наурызында  біз Алматы облысы Әділет Департаментінде  шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік қазыналық кәсіпорын ретінде қайта тіркеуден өттік.

-Бүгін біздің Облыстық ауруханада 9 стационарлық, кеңес беру және диагностикалық бөлімдері бар. Диагностикалық бөлімінде рентгендиагностика, ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлі томография, эндоскопиялық зерттеу, функционалді диагностика, , клиникалық және биохимиялық зертхана, паталогоанатомиялық бөлімшелері қызмет істейді. Сонымен қатар ауруханадада  қалпына келтіру-реабилитация бөлімшесі, оның ішінде физиотерапия, уқалау және емдік дене шынықтыру бөлмелері бар. Жедел және жоспарлы кеңес беру көмектерін жүргізетін бөлімшелермен қамтамасыз етілген.

2016 жылдың 1 тамызынан бастап ШЖҚ МКК «Талдықорған қалалық көпсалалы  ауруханасының» ашылуына байланысты «Облыстық аурухананың» төсек қоры 370 төсек орыннан 250 төсек орынға қысқартылды.

Аурухана 250 төсектік орынға лайықталған, оның ішінде 135 хирургиялық, 115  терапевтік бағытта.  2011 жылдан бастап гемодиализді қажет ететін науқастарға 4 орынды арнайы күндізгі бөлімше құрылды. 2012 жылдың ақпан айында жаңа  технологиялардан магнитті – резонансты томография 547 миллионға алынды, 2014 жылдың наурыз айынан нейроинсульт бөлімі ашылды. 2014жылдың маусым айынан қазан айына дейін эндокринология, терапия бөліміндеріне  кұрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Гараж, кір жуатын бөлімше, галлерея,орталық залалсыздандыру зертханасының, ас даярлау бөлімшесінің шипр ауыстыру және жертөледегі суық су құбырлары ауыстырылды.  Алматы облысының солтүстік аймағы тұрғындарына тегін медициналық қызмет түрін көрсетеді, толық көлемде мамандандырылған, жоғары мамандандырылған стационарлық  және емханалық кеңестік-диагностикалық көмек  көрсетуді жүзеге асырады. Жылына орта есеппен 11 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдайды, 5 мыңнан астам ота жүргізіледі. Амбулаторлы түрде 50-55 мың науқас және сау адамдар келіп қаралады, оның жартысынан көбі- дерлік ауылдық жерде тұратындар.

Медициналық көмектің сапасы әрине заманауи материалдық базасына байланысты, десек те білікті мамандарсыз іс алға жүрмейді.  Қазіргі уақытта облыстық ауруханада 495 адам қызмет атқарады, оның ішінде 69 дәрігерлер, 1 провизор, 210 орта буынды қызметкерлер мен 154 кіші буынды қызметкерлер, қалған 62 басқа да қызмет атқарады. 21 дәрігер жоғарғы санатқа ие бұл жалпы мамандарымыздың 30,4%, 12 – бірінші санатта -17,3%, 10 – екінші санатқа ие- 14,4%, 1 –медицина ғылымдарының үміткерлері бар. Орта буынды қызметкерлерінің ішінде 89 – жоғарғы, 8 – бірінші, 7 – екінші санатқа ие. 2011 мен 2015 жылдар аралығында мамандардың барлығы дерлік білімін жетілдірді. 2012 жылы -19 дәрігер, 19 медбике білім жетілдірсе, 2013 жылы -20 дәрігер –43 медбике болды, 2014 жылы 54  дәрігер мен  10 медбике, 2015 жылы 32 дәрігер мен 72 медбике  квалификациясын жоғарлатты.

-Ауруханамыздың материалдық-техникалық базасының қамтылуы 79,8 %-ды құрайды. Жыл сайын аурухананың материалды – техникалық базасы күшеюде. Киелі қара щаңырақ, бүгінгі Талдықорған қаласы  « Облыстық аурухана» МҚК  9 стационарлық бөлімшеге ие, оның ішінде реанимация бөлімшесі 6 төсекке, 4 «Fresenius-4008B» аппараты 3 кезекті режим уақытында және тәулігіне 9-12 сеанс  жүргізетін  гемодиализ бөлімшесінде 4 төсекті күндізгі стационар бөлімшесі бар. 2015 жылы 2193 сеанс жүргізілген. Жыл сайын бұл көрсеткіштер, яғни экстракорпоралді емді қажет ететін науқастар саны көбеюде.ҚР ДСМ  № 1174  2009 жылдың 4 тамызынан берілген «ҚР-да ұлттық бірыңғай денсаулық сақтау жүйесін игеру шараларын жоспарлауды  бекіту жөніндегі»  бұйрығына сәйкес аурухананың барлық қызметкерлері тиісті білімін жоғарлатты.

Аудандық ауруханалармен біздің мамандар арасында тиянақты байланыс орнаған. Мамандарымыз аудандарға жұмыс сапармен жиі шығып тұрады. Санавияция қызметі де жолға қойылған. Сонымен қатар, облыстық ауруханада телемедицина орталығы жұмыс істейді.

-Мамансыз аурухана жұмысы жүрмейді. Сондықтан ең алдымен біз медицина қызметкерінің өмірлік тәжірибесі мен  біліміне, кәсіби дағдылары мен жұмысқа қатысына қатты көңіл  бөлеміз. Ауруханаға келген жас мамандардың біліктілігін шыңдап, әр саладағы жетіспеген дәрігерлер орны толықтырылуда. Алматы облыстық ауруханасының тарихында аталмыш мекеме облыс жұртшылығына медициналық қызмет көрсететін ірі орталық болып қалыптасуымен қатар, еліміздің медицина мәдениетіндегі ең талантты дәрігерлер мен ақ халатты абзал жандардың азаматтық бейнесін қалыптастырған қасиетті мектеп те бола білді.
Аймақ жұртшылығының ғана емес, жалпы Қазақстан азаматтарының денсаулығы жақсартуына ерекше үлес қосқан, қолы шипалы, адам бойындағы дерт атаулыны қамқорлықпен мейіріммен-ақ жазып жіберетін алдыңғы буын өкілдері болды.Бұл аурухана ұжымы тек қызметтес әріптестер ғана емес бүтін бір отбасы. Облыстық аурханада  еңбек етіп, түлеп ұшып басқа мекемелерде біліктілігімен ерекшеленіп жүрген мамандар аз емес.  Мейірбеков Маралбек Білісбекұлы – облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, денсаулық сақтау саласының дарынды ұйымдастырушыларының бірі болды. Жансенгіров Тілеуберді  Максимұлы -Қазіргі уақытта МҚК «Қалалық емхана» басшысы қызметінде. Қалажанов Мақсұт Болатұлы – Талдықорған қаласы «Облыстық аурухана» МҚК –да реанимация бөлімінде дәрігер анестизиолог болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің директоры. Сәрсембаев Салават Сламжанұлы – туберкулезге қарсы облыстық диспансер директоры,  Уалиханов Асен Самарұлы –қазір Қапшағай қалалық ауруханасының бас дәрігері, Шегай Вячаслав Константинович – Алматыда «Сұңқар» медициналық орталығында хирург-эндокринолог, медицина ғылымдарының кандидаты- Бейскенов Берікбол Төлеуұлы, Қилыбаев Айтахан Қилыбайұлы.  Нұрқасымов Сәрсенбек Базарбекович -Талдықорған қалалық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі. Омаров Мұрат Ақбайұлы –қалалық ауруханада реанимация бөлімі меңгерушісі қызметін атқарады. Ким Виктор Николаевич – РЦЭЗ электронды денсаулық сақтау орталығында қызмет етеді.

Облыстық ауруханада 9 стационарлық бөлім жұмыс істейді. Әр бөлімде өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі аға дәрігерлер мен қатар, медицинада құлшынысы мықты жас мамандар  еңбек етеді.

Долаев Мандат Есенғараұлы, Бабажанов Ермек Мұқанұлы , Мықтыбаева Салтанат Жексенбекқызы, Нұрғалиев Қаирбек Ерсаинұлы, Сапаров Білім Машикұлы, Атамбиева Зәмзәгүл Әбетайқызы,  Сакенова Мейрамкуль Базылжанқызы,Сембинова Сабира Заманбекқызы, Ногайбекова Баян Жумаханқызы сияқты аға буын дәрігерлер медицинада өзіндік орны бар, білікті әрі тәжірибелі мамандар.

«Жас келсе іске» демекші. Аға буын дәстүрін жалғастырушы, жаңа заман талабын пайдаланушы жас мамандар да еңбек етеді. Олар: Калибеков  Аслан Толымбекұлы

Ташимов Нұржан Нурақбайұлы, Долаева Эльмира Мандатовқызы, Нусупалиев Ілияс Ержанұлы, Садықов Азиз Абдрикимұлы, Алтай Өміржан Алтайұлы.

Міне, осындай 95 жылдық тарихы емдеу мекемесі мамандары медициналық көмек көрсету  саласында өзіндік дәстүрі бар ұжым болып қалыптасты.  Бұл сонау 1920 жылдан басталған десек қате айтпаймыз. Кішкентай барак іспеттес ғимаратта жұмысын бастаған аурухана 95 жыл ішінде талай белестерді бағындырды. Бүгінгі Облыстық аурухана қарапайым емдеу орны емес, бұл мемлекетпен бірге қалыптасқан, өсіп-өркендеген ерекше мекеме. Егер ғимараттар тіл қатса, бұл аурухананың қабырғалары талай сыр шертер еді. Бізге беймәлім талай ақхалаттылар ерлігі мен еңбегі баян болар ма еді. Білмейтінімізді болжаудан аулақпыз, себебі тарих бұрмалануы мүмкін. Сондықтан тарихи деректерді зерттегенде де, оны көпшілікке баяндағанда да абай болу қажет. Өзімізге белгілі деректерге сүйеніп, 95 жылдық тарихы бар мекеменің шежіресін жасап, бүгінін бағамдап, болашағын болжап тырыстық. Сондағы түйгеніміз: Мамандардың кәсіби дәрежесін барынша жетілдіру мен заманауи құрал-жабдықтарды  тарту жұмыстары аурухана  әкімшілігі тарапынан кеңінен жүргізіліп келеді. Өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол аға буын дәрігерлер мен медицинада сәтті қадамдарын бастаған жас мамандар ықпалдастығы, олардың өзара ұрпақ сабақтастығы облыс жұртшылығына медициналық көмек көрсететін ірі орталық болып қалыптасуымен қатар, еліміздің медицина мәдениетіндегі ең талантты мамандардың азаматтық бейнесін қалыптастыратын үлкен мектеп іспеттес.

Әлеуметтік міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы - Қазақстан халықының денсаулығына қолдау жасау. Халық денсаулығы - табысты болашақтың негізі, бақытты өмірдің кепілі. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі - еліміздің барлық аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Аймақтардағы медицинаның жай-күйіне тереңірек тоқталып, оның даму барысындағы жеткен жетістіктерін  өткен күндермен салыстыра отырып,  еліміздегі  денсаулық сақтау саласына шынайы баға беруге болады.